1918 жылғы сирек кездесетін электромобиль $140 000-ға сатылды — қазіргі Tesla-дан қымбат
АҚШ-та өткен RM Sotheby’s аукционында 1918 жылы шығарылған бірегей Detroit Electric Model 75A Brougham электромобилі $140 000-ға сатылды. Бұл сома қазіргі көптеген электромобильдердің, соның ішінде Tesla компаниясының кейбір модельдерінің бағасынан да жоғары.

Detroit Electric XX ғасырдың басында электромобиль өндіруден көш бастаған компаниялардың бірі болды. 1907–1939 жылдар аралығында компания шамамен 13 000 автомобиль шығарған. Бұл марканың электромобильдері басқарудың қарапайымдылығы және сол кездегі бензинді көліктердегідей қозғалтқышты қолмен іске қосуды қажет етпегені үшін ауқатты әйелдер арасында ерекше танымал болды.
75A Brougham моделі күймеге ұқсайтын талғампаз дизайнымен және жолаушылар бір-біріне қарама-қарсы отыратын кең салонымен ерекшеленді. Кәдімгі руль дөңгелегінің орнына басқару тетігі қолданылды. Автомобильдің ең жоғары жылдамдығы 40 км/сағ-қа жетсе, нұсқасына қарай жүріс қоры 110-нан 160 км-ге дейін болған.

Бір қызығы, Detroit Electric көліктерінің иелері арасында өнертапқыш Томас Эдисон, өнеркәсіпші Джон Д. Рокфеллер және Генри Фордтың әйелі Клара Форд сияқты танымал тұлғалар болған.

Аукционда сатылған дана реставрациядан өткен, оның барысында заманауи аккумуляторлар орнатылып, жүріс қоры ұлғайтылған. Соған қарамастан автомобиль өзінің түпнұсқа сыртқы келбеті мен интерьерін сақтап қалған, бұл оны коллекционерлер үшін ерекше құнды етеді.
Жоғары сатылым бағасы Detroit Electric маркасының тарихи маңызын ғана емес, сонымен қатар қазіргі автомобиль өнеркәсібіндегі заманауи үрдістерді алдын ала болжаған алғашқы электромобильдерге деген қызығушылықтың артып келе жатқанын да көрсетеді.



