Nio жаппай нарыққа арналған жаңа алты орындық Onvo L90 электрлі кроссоверін таныстырды
Қытай автокөлік өнеркәсібінде нағыз электрлі революция жүріп жатыр. Бұл жолы Nio компаниясының қатарына жаңа Onvo L90 қосылды. Onvo брендімен ұсынылған толық өлшемді электрлі кроссовер кең аудиторияға арналған.
Айта кетейік, бұл суббренд 2024 жылдың мамырында ғана іске қосылған, бірақ қазірдің өзінде екі модель шығарып үлгерді. Алғашқысы Onvo L60 ықшам кроссовері болса, енді кезек кең әрі сыйымды L90 моделіне келді.

Onvo L90 алты адамға арналған және әсерлі өлшемдерінің арқасында жоғары деңгейдегі жайлылықты ұсынады. Оның ұзындығы — 5145 мм, ені — 1998 мм, биіктігі — 1766 мм, ал доңғалақ базасы 3110 мм-ге жетеді.
Салыстыру үшін, ол Mercedes-Benz GLS X167 моделінен сәл ықшам: ұзындығы 64 мм-ге қысқа, ені 42 мм-ге тар, ал биіктігі 57 мм-ге төмен. Стандартты жиынтықтамада 21 дюймдік доңғалақтар орнатылады, бұл оның толыққанды отбасылық кроссовер ретіндегі мәртебесін айқындай түседі.

Техникалық тұрғыдан жаңа модель 900 вольтты платформаға негізделген. Базалық нұсқада автомобиль 340 кВт (456 а.к.) қуаты бар бір электр қозғалтқышымен және артқы жетек жүйесімен жабдықталады.
Ал толық жетекті қалайтындар үшін жалпы қуаты 440 кВт (590 а.к.) болатын қос электр қозғалтқышты нұсқа ұсынылады. Екі нұсқа да 85 кВт·сағ аккумулятормен жабдықталып, CLTC циклі бойынша 570–605 км аралығында жүріс қорын қамтамасыз етеді.
Тағы бір ерекшелігі — аккумулятор блогын жылдам ауыстыру мүмкіндігі.

Onvo L90 салоны барлық жолаушыларға жайлылық сыйлауға бағытталған: алты орындықтың әрқайсысы электрлі реттеу жүйесімен жабдықталған. Артқы жолаушылар үшін төбеге орнатылған экран мен шағын тоңазытқыш қарастырылған, ал салонның орталық бөлігін үлкен мультимедиялық дисплей алып жатыр.

Onvo L90 моделінің Қытайдағы сатылымы 10 шілдеде басталады деп жоспарланған. Nio компаниясының тең құрылтайшысы әрі бас директоры Уильям Лидің айтуынша, базалық нұсқаның бастапқы бағасы 300 мың юаньнан (шамамен $41 870) төмен болады.
Толық жетекті нұсқаның бағасы жоғарырақ — шамамен 350 мың юань ($48 850). Болашақта компания модельдік қатарды Onvo L80 деп аталатын неғұрлым қолжетімді бес орындық модификациямен толықтыруды жоспарлап отыр. Оның толық сипаттамалары кейінірек жарияланады.

Тартымды бағасы мен үлкен жүріс қорына қарамастан, Onvo L90 Қытайдың электромобильдерге толы нарығында елеулі бәсекеге төтеп беруі керек. Оның негізгі бәсекелестері қатарында Deepal S09, GAC Hyptec HL, Aito M7 және Lynk & Co 900 бар. Бұл модельдердің бағасы $33 480–$43 235 аралығында.
📌 Соңғы автокөлік жаңалықтарын kz.bex-auto.com сайтынан бақылаңыз!



