Mercedes-AMG Брэд Питт түскен «Формула-1» фильміне орай шектеулі сериямен шығарылатын купені таныстырды.
Mercedes-AMG компаниясы APXGP Edition деп аталатын AMG GT 63 спорттық купесінің эксклюзивті нұсқасын таныстырды. Бұл шектеулі серия Брэд Питт басты рөлді сомдаған «Формула-1» фильміне орай шығарылды. Фильмнің премьерасы 27 маусымға жоспарланған, ал автокөліктің жарық көруі алдағы оқиғаға өзіндік құрмет көрсету болып табылады

Фильм жобасы «Формула-1» чемпионатының нақты командаларының белсенді қатысуымен әзірленді. Ал Mercedes-AMG компаниясы демеушілік қолдаумен ғана шектелмей, түсірілімге қажетті техниканы ұсынды, «Формула-2» шассиі негізінде жарыс болидтерін жасауға қатысып, көптеген реквизиттер әзірледі. Сюжеттің шынайылығын қамтамасыз етуде әлемнің жеті дүркін чемпионы Льюис Хэмилтон маңызды рөл атқарды. Ол түсірілім тобына автожарыс әлемінің қыр-сырын түсіндіріп, кеңес берді.

Купенің арнайы нұсқасы Брэд Питт сомдаған кейіпкер өнер көрсететін ойдан шығарылған APXGP жарыс командасының стилінде жасалған. Автокөлік күңгірт қара түске боялып, көз тартатын алтын түсті дискілермен және жарысқа тән сәндік элементтермен толықтырылған. Бұл — тек фильм аясында ғана өмір сүретін команда құрметіне безендірілген жолға арналған спорткардың бірегей үлгісі.

APXGP Edition моделінің барлығы 52 данасы шығарылады. Бұл оны 200 данамен шектелген Motorsport Collectors Edition нұсқасына қарағанда әлдеқайда сирек модельге айналдырады. Техникалық тұрғыдан автомобиль өзгеріссіз қалды — бұл бастапқы бағасы 192 000 доллардан басталатын сол AMG GT 63 моделі. Дегенмен шектеулі тиражы мен эксклюзивті дизайны оның стандартты нұсқадан қымбатырақ болуына ықпал етуі мүмкін.

Автокөліктің көпшілік алдындағы тұсаукесері «Формула-1» чемпионатының Майамиде өткен алтыншы кезеңінде өтті. Бұл оқиға автоспорт жанкүйерлерімен қатар кино сүйер қауымның да қызығушылығын тудырды. Өйткені ол шынайы автоспорт пен көркем киноның өзара тоғысуының айқын үлгісіне айналды. Apple Original Films және Bruckheimer Films қолдауымен түсіріліп жатқан фильм спорттық драма жанрына жаңа леп әкеліп, мәдениет әлеміндегі маңызды оқиғалардың біріне айналуды көздейді.



