Aston Martin Vanquish Volante: 835 ат күші бар V12 қозғалтқышымен жабдықталған сәнді кабриолеттің тұсаукесері
Aston Martin компаниясы 2025 жылғы Vanquish модельдер топтамасын толықтырған Vanquish Volante кабриолетін таныстырды. Жаңа модельдің сатылымы биылғы жылдың үшінші тоқсанында басталады. Бағасы шамамен 450 000 долларды құрайды.
Vanquish Volante 835 ат күші мен 1000 Н·м айналу моментін өндіретін 5,2 литрлік қос турбокомпрессорлы V12 қозғалтқышымен жабдықталған. 8 сатылы автоматты беріліс қорабымен үйлескен бұл қозғалтқыш автомобильді 100 км/сағ жылдамдыққа небәрі 3,4 секундта жеткізеді. Ал ең жоғары жылдамдығы — 345 км/сағ.
Кабриолет электронды басқарылатын артқы дифференциалмен, бейімделгіш амортизаторлармен және карбон-керамикалық тежегіштермен жабдықталған. Дизайнында ұзын капот, кең радиатор торы, матрицалық фаралар мен жіңішке артқы шамдар үйлесім тапқан. Электр жетегі бар жұмсақ төбесі небәрі 14 секундта жиналады.
Салоны былғары және карбонмен әрленген. Автокөлік екі 10,25 дюймдік дисплеймен және 15 динамигі бар Bowers & Wilkins аудиожүйесімен жабдықталған.
Aston Martin компаниясы Vanquish Volante моделін жылына 1000 данаға дейін шығаруды жоспарлап отыр. Жаңа кабриолет Ferrari 12Cilindri және Bentley Continental GTC модельдеріне бәсекелес ретінде ұсынылады.



